«17 лучиков добра» атты балаларға арналған өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті
Орталық қалалық кітапханада автор Т.В. Стрельчук, суретші-иллюстратор С.В. Тараканова және №17 мектеп-гимназиясының 3 «А» сынып оқушыларының қатысуымен «17 лучиков добра» атты балаларға арналған өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Жылы әрі шығармашылық атмосферада автор балаларға кітаптың мазмұны мен өлеңдердің жазылу тарихын баяндап, өзінің шығармашылық ойларымен бөлісті. Ал суретші-иллюстратор кітапты безендіру ерекшеліктері мен түрлі-түсті иллюстрациялардың дүниеге келу үдерісі туралы әңгімеледі. Кездесу барысында оқушылар қонақтарға сұрақтар қойып, өз әсерлерімен бөлісіп, өлеңдерді мәнерлеп жатқа оқыды. Шараның ерекше әрі жағымды сәті – автордың кездесуге қатысқан балаларға кітаптарын сыйға тартуы болды. Осындай тағылымды кездесулер балалардың поэзияға деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, кітап әлемінің ғажайып сырларын ашуға жол ашады!
