«Бастау» әдеби-тарихи өлкетану клубының «Туған жерім – тұғырым, өскен елім – өзегім» тақырыбында өткізілген кезекті отырысы.

Қазан айының алтыншы жұлдызында Саран қаласының орталық қалалық кітапханасы жанынан құрылған «Бастау» әдеби-тарихи өлкетану клубының «Туған жерім – тұғырым, өскен елім – өзегім» тақырыбында кезекті отырысы өтті. Жас ұрпақ бойында отансүйгіштік пен жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу мәселесіне бей-жай қарамай, ұлттың ертеңіне алаңдаған аға буын өкілдері мен жүрегі «мен – елімнің үміт артқан өренімін» деп соққан өскелең ұрпақ бас қосып, қаламыздың тамырлы тарихын, тұлғалар әлемін тілге тиек етіп, пікір, тілектерін ортаға салды. Клубтың төрағасы, саясаттанушы, «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» РМҚМ Қарағанды облысы бойынша филиалының оқытушысы Мұстафин Серік Қамзеұлы жерлестеріміздің өмірі мен шығармашылығы, қала тарихы жайлы әңгімелеп, тыңдармандарын тың мәліметтермен таңқалдырды. Сонымен қатар өңірлік кітаптардың шығуына үлес қосып жүргенін, нумизматикамен шұғылданатынын және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Қарағанды облысының мұражайында үлкен нумизматикалық көрме ұйымдастырғанын айтып, ғибратты өмірінің сан қырымен таныстырды. Іс-шара барысында клуб мүшелері Темірханова Дарина өзінің оқып жүрген білім ордасы «Абай атындағы Саран гуманитарлық-техникалық келледжіне» арнаған арнауын және Бұқар жарау ауданының тумасы әрі қазақтың «көмекей әулиесі» атанған Бұқар жыраудың биыл 350 жылдығы болғандықтан «Айтпасам, атыма сын болар» деп, жыраудың «Арту, арту бел келсе» өлеңін, Аятхан Роза С.Торайғыровтың «Туған еліме» өлеңін, ал Жексембаев Мұхаммед «Кіндігім мен тұсауымды кескен өлкем» тақырыбында жазған шығармасын оқып, қатысушыларды тәнті етті. Отырыс соңында клуб мүшелері 2019 жылы өткізілетін іс-шараларды талқылап, жоспарын бекітті.

   

 


Келулердің саны: 679