Сайын Мұратбеков

«Сайын Мұратбеков шығармашылығындағы шынайылығы, өмірсүйгіштік қуаты арқылы бұл көркемдік тенденцияның қоғам тынысын әсіресе жарқын тұстарынан барынша жан-жақты бейнелеу талаптарын жүзеге асырудағы елеулі үлесіне күмән тудырмайды. Ол роман жазған жоқ. Оның романы - әңгімелері. Ал әңгімелері мәңгілік даңқтың иелігіне шақыру алған. Қаламгер бақыты сондай-ақ болсын...».
Бақытжан Майтанов

Мұратбеков Сайын (15.10.1936 жылы Талдықорған обл., Қапал ауд. Қоңыр ауылы) – жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1997). Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген (1963). Мәскеудегі Әдебиет институты жанындағы жоғары курсты (1971) бітірген. 1954-1962 ж. туған ауылында жұмысшы, мұғалім, аудан, облыс газеттерінде әдеби қызметкер, 1962-1972 ж. «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби қызметкер, әдеби кеңесші және Көркем әдебиетті насихаттау бөлімінің директоры, 1972-1977 ж. Мәдениет бөлімінің меңгерушісі, басқарма хатшысы. 1977- 1980 ж. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактор (1977-1984). «Қазақфильм» киностудиясында аға редактор, 1980-1984 ж. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1984-1986 ж. «Жазушы» баспасының директоры, 1988-1991 ж. ҚЖО-ның екінші хатшысы, 1992-1996 ж. «Халық конгресі» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 1989 жылдан халықаралық «Невада – Семей» қозғалысы басшыларының бірі. ХI сайланған ҚСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Мәскеу баспаларынан әр жылдары «Дикая яблоня», «На вершине Учкары», «Запах полыни», «У теплого родника», т.б. кітаптары жарық көрген. Осы кітаптары өзбек, татар, украин, беларусь, грузин, армян, әзербайжан, литва т.б. тілдерде басылып шыққан. «Жусан иісі» повестері мен әңгімелері араб тілінде жеке кітап болып басылған. «Тел өскен ұл» («Возвращение сына» реж.Ш.Бейсенбаев; 1976) кинофильмі сценарийінің авторы. Ә.Әлімжановтың роман-повестерін, Г.Толмачевтің, О.Сүлейменов, Д.Қонаев, Н.Назарбаев туралы деректі повестерін, Африка жазушысы Алекс ла Гуманың «Тас ғалам» романын, тәжік классигі С.Айнидің «Вобкенттік Шүкірбек» (1963), орыс жазушысы Ю.Казаковтың «Қыру – шыру» (1964), украин жазушысы О.Гончардың «Қас- қаққандай бақыт үшін» (1966) туындыларын қазақ тіліне тәржімалады. Жүзден астам көркемсуретті фильмдерді қазақ тіліне аударған. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған (1981). «Тарлан» сыйлығының иегері (2004), бірнеше медальдардың иегері, ҚР жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлықтың лауреаты (1990).
Жазушының алғашқы әңгімесі 1954 жылы жарық көрді. Халықтың соғыстан кейінгі тұрмысы мен қазақ ауылының, замандастарының тыныс-тіршілігін шынайы сомдаған «Ауыл оты», «Отау үй», «Көкорай», «Дос іздеп жүрмін», «Өліара», «Басында Үшқараның», т.б. ұлттық бояуының қанықтығымен танылды. Әсіресе «Жусан иісі», «Жабайы алма» сынды әңгіме, повестері қазақ әдебиетінің көркемдік көкжиегін кеңейткен шығармалар. Адам жан дүниесінің нәзік иірімдерін ұлттық мінез бен тіршіліктің ішкі заңдылықтары арқылы дәлдікпен зерлеген «Менің қарындасым» әңгімесі психологиялық туынды. Әңгімеде алғашқы махаббат, кіршіксіз тұнық сезім, адамның есею, қалыптасу жолдары көркем тілмен көрініс тапқан.

С. Мұратбеков шығармалары:
Мұратбеков С. Басында Үшқараның…..- Алматы: «Қазақстан» баспа үйі»,2010. – 480 бет.
Мұратбеков С. Екі томдық шығармалар жинағы. 2-том. Алматы, «Өлке», 2006. -240 бет.
Мұратбеков С. Повестер мен әңгімелер. - Алматы: Жазушы. Т.2: «Қөкорай» повесті, әңгімелер. -1986. - 408 бет.
Мұратбеков С. Шығармалар. (Кұраст. Қ. Мұратбекова). - Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2013. Т.1.Әңгімелер. – 320 бет.
Мұратбеков С. Шығармалары. (Құраст. Қ. Мұратбекова).- Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2013. Т.2.: Жабайы алма. Повесть. – 328 бет.
Мұратбеков С. Шығармалары. (Құраст. Қ. Мұратбекова).- Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2013. Т.3.: Повестер, әңгімелер, очерк. - 320 бет.
Мұратбеков С. Шығармалары. (Құраст. Қ. Мұратбекова).- Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2013. Т.4.: Сұхбаттар, очерктер ,аудармалар. – 320 бет.
Мұратбеков С. Шығармалары. (Құраст. Қ. Мұратбекова).- Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2013. Т.5.: Аудармалар. - 320 бет.
Мұратбеков С. Шығармалар жинағы. 1-том. Алматы, «Өлке», 2005 ж. -320 бет.
Мұратбеков С. Шығармаларының еқі томдығы: Повестер мен әңгімелер.-Алматы: Жазушы. Т.1: Жусан иісі, Жабайы алма повестері, әңгімелер. – 1986. -408 бет, портр.
Муратбеков Саин. На вершине Ушкары: Повесть и рассказы./Авториз. пер. с каз. Г.Садовникова; Вступит. статья П.Ульяшова. - М.: Худож. лит.,1982.- 399 с.
Муратбеков С. Горький запах полыни. Повесть и рассказы. - М.: Русская книга, 2003. - 304 с.
Муратбеков С. У Теплого родника: Рассказы, повесть. - Пер. с каз. - М.: Советский писатель, 1987. - 512 с.


Келулердің саны: 5562