Өшпес естелік.

Өшпес естелік. Бүгін Саран қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ерекше қалалық шара өтті.
Бұл – үнсіздігімен үн қатқан, сөзден де әсерлі күн болды. Қайғы мен махаббатқа, мәңгілік естелікке толы күн.
Біз хаттар арқылы ондаған жылдар бойы үнсіз қалғандардың дауысын, жан жарасын естідік. Аналар, әйелдер , ең жақын адамдарынан айырылған жандардың хаттары. Сол жолдар дауыстап оқылғанда жүректерді шымырлатты.
Жанға жететін, жүректі тербететін әуендер мен әндер шырқалды.
Ал жас әртістер сахналаған көрініс ең қарапайым, бірақ ең маңызды арман – бейбіт аспан астында өмір сүру арманын жеткізді. Қорқынышсыз. Қайғысыз. Болашаққа деген сеніммен.
Іс-шараның ерекше бөлігі — Серік Хамзаұлы рәсімдеген жеке кітап көрмесі болды. Онда сирек кездесетін, құнды еңбектер ұсынылды. Солардың ішіндегі нағыз жауһары —қуғын-сүргін құрбаны, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышпаевтың осы жылы жарық көргеніне 100 жыл толған кітабы болды.
Бұл кітап — қасіретті тарих пен мұқалмас рухтың үнсіз куәсі.
Мұндай шаралар бізге тарихтың тек оқулықтағы жансыз беттер ғана емес екенін еске салады. Бұл – тағдырлар. Бұл – дауыстар. Бұл – мәңгілік сақталуы тиіс естелік.