Книжная полянка «Сундучок со сказками»
№1 ООК «Жаз кітаппен бірге» бағдарламасы және «Тілашар» клубы аясында «Ертегілер сандығы» атты кітап алаңы ұйымдастырылды.
№1 ООК «Колокольчик» бөбекжайының тәрбиеленушілеріне арналған «Жаз кітаппен бірге» бағдарламасы және «Тілашар» клубы аясында «Ертегілер сандығы» атты кітап алаңы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында балалар ертегілер әлеміне саяхат жасап, қызықты кітаптармен танысты.
Іс-шараға «Колокольчик» бөбекжайының бүлдіршіндері қатысты. Кітапханашы балаларға ертегілердің бала тәрбиесіндегі маңызы туралы айтып, олардың адамды мейірімділікке, достыққа, батылдыққа, адалдыққа және бір-біріне қамқор болуға баулитынын түсіндірді. Кейін қатысушылар «Ертегілер сандығы» атты кітап көрмесін тамашалады. Көрмеде қазақ, орыс халық ертегілері мен әлем халықтарының ертегілері ұсынылды. Көрмемен танысқаннан кейін балалар «Сиқырлы сандықтың» ішіндегі тапсырмаларды орындауға кірісті. Алдымен «Кейіпкерге тиесілі затты тап» ойынында ертегі кейіпкерлеріне қатысты заттарды анықтады. Одан әрі «Ертегіні тап» әдеби викторинада ертегілерді еске түсіріп, сұрақтарға жауап берді. Шара барысында «Ертегі жұмбақтары» атты қызықты байқау ұйымдастырылды. Соңында балалар «Қатені түзет» ойынына қатысып, ертегілердің атаулары мен кейіпкерлердің есімдеріндегі қателерді тауып, оларды дұрыс нұсқасымен алмастырды.
Іс-шара барысында жүргізуші балалардан өздерінің сүйікті ертегілері туралы сұрады. Қатысушылар сүйіп оқитын ертегілерімен бөлісіп, олардың кейіпкерлері туралы әңгімеледі. Шара соңында балаларға тәтті сыйлықтар таратылды. Сонымен қатар, олар кітапхананың балалар абонементі және оның кітап қорымен танысты. Бүлдіршіндер ұсынылған кітаптарға ерекше қызығушылық танытып, өздеріне ұнаған басылымдарды қызыға тамашалады. Көптеген балалар кітапханаға ата-аналарымен бірге келіп, оқырман ретінде тіркелетіндерін айтты.
