Арқа әдебиетінің інжу-маржандарын жинақтаған асыл мұра


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

         

         Құрметті жерлестер, оқырман қауым! Қарағанды үшін тарихи оқиға болған 100 томдықтың жарық көруін сүйіншілейтін сәт келгенін қуана хабарлаймыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында және Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен Астана қаласындағы «Фолиант» және Алматыдағы «Қазақстан» баспаларында «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен, өлкемізден шыққан жыр алыптарының, қоғам қайраткерлерінің шығармашылықтары топтастырылған еңбек жарық көрді. 100 томдықтың әр томы 800 данадан басылып, барлығы 80 мың дана кітап 2013-2014 жж. облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа шығарылды. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай жарық көрген жинақтың идея авторлары аймағымыздың ақиық ақындары Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай ағаларымызға айтар алғысымыз шексіз екенін жасырмаймыз.

         Қарағандының рухани өмірін жандандырған  еңбекке қазақтың қасиетті топырағында, сарыарқаның сайын даласында дүниеге келіп, ұрпағына өшпес мұраны сыйға тартқан біртуар ақын-жазушыларымыздың таңдамалы шығармалары еніп отыр. Жинақта Қаздауысты Қазыбек, Бұқар жыраудан бастап, Нарманбет, Шортанбай, Шашубай, Мәди бабалардың баға жетпес қазынасы, Алаш арыстары  Әлихан Бөкейханов, Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан Ермековтің, қазақ әдебиетінің классиктері Сәкен Сейфуллиннің, Ғабиден Мұстафиннің, Қасым Аманжоловтың, Ақселеу Сейдімбектің бірегей туындылары, Жүрсін Ерман, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай бастаған Арқа өңірінің бүгінгі дара дарындарының шығармашылығы жүйеленіп, рухани дағдарып қалған қалың оқырман қауымға ұсынылып отыр. Бұл еңбектің ерекшелігі – мұнда тек қазақ қаламгерлерінің мұрасы ғана емес, Қарағанды топырағында туып, әдебиеттің әртүрлі жанрына қалам тартқан өзге ұлт өкілдерінің де шығармалары топтастырылды. 

 

           

Құрметті қала тұрғындары, әдебиетсүйер қауым, көптомдық мұра аймағымыздың барлық кітапханаларында бар. Қаламыздың Орталық қалалық кітапханасының төрінен орын алып тұрған «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен жарық көрген 100 томдық жинақ өз оқырмандарын күтуде. Арқа әдебиетінің  інжу-маржандарын топтастырған жинақ жайлы білгіңіз келсе, кітапханаға келіңіз. Сіздерге есігіміз әрқашанда ашық.

        


Келулердің саны: 3639